ЖҰБАНОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ КАДРЛАРҒА ҚАЖЕТТІЛІКТІҢ ӨҢІРЛІК КАРТАСЫН ӘЗІРЛЕУ БОЙЫНША ФОРСАЙТ-СЕССИЯЛАРДЫҢ АШЫЛУЫ ӨТТІ
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен кадрларды алдын ала даярлау жүйесін құру мақсатында форсайт-сессиялардың ашылуы өтті. Бұл жоба Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2029 жылға дейін халық табысын арттыру бағдарламасы аясындағы «Мамандығым-болашағым» жобасының шеңберінде жүзеге асырылады.
Форсайт-сессияның ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек онлайн қатысып, қазіргі таңда 5 өңірде кадрларға қажеттілік картасы әзірленгенін атап өтті.
- Биыл 9 өңірлік карта жүзеге асуда. Ақтөбе облысы форсайттық зерттеулер жүргізетін алтыншы өңір болып табылады. Жұбанов университеті базасында аймақтық кеңсе орналасқан. «Мамандығым-болашағым» жобасы әр өңірдегі кадрлардың біліктілігін арттырудың тиімді жүйесін дамытуға бағытталған. Жобаның мақсаты — еңбек нарығын сапалы болжау, білім беру бағдарламаларын әзірлеу және жаңарту, сондай-ақ оқушыларға кәсіптік бағдар беру жүйесін жетілдіру. Сонымен қатар өңірдің экономикалық құрылымына сәйкес кадрларды даярлау жүйесін нақтылау, - деді министр.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова да өз сөзінде осыдан екі жыл бұрын басталған маңызды жобаның шеңберінде оқу орнының ең үздік әрі білікті жас мамандары шоғырланғанын айтты.
- Өңірді жоғары білікті кадрлармен алдын ала қамтамасыз ету үшін кадрлардың өңірлік картасын әзірлеу мақсатында зерттеулер жүргізуге біздің мамандарымыз дайын. Алдағы уақытта қарқынды жұмыстар басталады, - деді оқу орнының басшысы.
Айта кетейік, Ақтөбе өңірі үшін басым салалар ретінде мұнай-газ, тау-кен, металлургия, көлік және логистика, жаңартылған энергия көздері және су шаруашылығы таңдалды. Осы салалар бойынша мамандарға сапалы сұраныс қалыптастыру, облыс мектептері оқушыларына кәсіптік бағдар беру, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен колледждердің білім беру бағдарламаларын талдау және жаңарту жоспарланған.
Бейне:
Скриншоттар: