Академиялық адалдық - жоғары білім сапасын қамтамасыз ету факторы ретінде
Жоғары білім саласында академиялық адалдық туралы семинар
2024 жылғы 15 наурызда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы жоғары оқу орындарының өкілдері үшін «Заң және Тәртіп» қағидатын ілгерілетуге бағытталған «Академиялық адалдық - жоғары білім сапасын қамтамасыз ету факторы ретінде» тақырыбында семинар өткізді.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрайымының орынбасары Жанна Есинбаева ашты: «Академиялық адалдық бүгінгі таңда өте өзекті тақырып. Талқылауды қажет ететін, әлі шешімі табылмаған бірнеше мәселелер бар. Бұл бағытта Министрлік бірқатар құжаттар, оның ішінде тұжырымдама мен әдістемелік құралдар қабылдағаны белгілі. Сондай-ақ, еліміздің 18 жоғары оқу орны кіретін Академиялық адалдық лигасы жұмыс жасауда. Семинардың нәтижесі ретінде нақты ұстанымдар мен ұсыныстар күтеміз».
Семинарды «Академиялық адалдық – нормативтік қамтамасыз ету аспектілері» баяндамасымен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің Сыртқы бағалау және талдау департаментінің басшысы Қарлығаш Сәкенова жалғастырды.
Жиынға гибридті форматта қазақстандық жоғары оқу орындарының 300-ден астам өкілдері, оның ішінде оқу ісі жөніндегі проректорлар, оқу ісі жөніндегі басқарма басшылары және университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.
М. Нәрікбаев КазГЮУ университетінің провосты Сергей Пен студенттердің академиялық адалдығының негізгі принциптері туралы айтты. Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігінің бас директорының кеңесшісі Ольга Яновская жоғары білім сапасы мен академиялық адалдығын қамтамасыз ету мәдениетін ілгерілету тақырыбында қызықты баяндама жасады. Семинар барысында сондай-ақ Х. Досмұхамедов Атырау университетінің проректоры Асхат Чукуров магистрлік диссертацияны қорғау барысында академиялық адалдықты сақтау мәселелері; Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ цифрлық даму және қашықтықтан оқыту департаментінің директоры Гүлмира Бекманова академиялық адалдықты сақтау жолындағы заманауи тәсілдер және жасанды интеллект дәуіріндегі академиялық адалдық тақырыбында Астана IT университеті профессорының ассистенті Бейбіт Әбдікенов баяндама жасады. Модератор Жоғары білім сапасын қамтамасыз етудің ұлттық жүйесін реинжиниринг арқылы Қазақстандағы университеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі бағдарламалық-мақсаттық қаржыландыру жобасының ғылыми жетекшісі Айдос Мұқатаев болды.
Ұсынылған баяндамаларды талқылау нәтижелері бойынша семинарға қатысушылар қазақстандық жоғары оқу орындарына: студенттер, профессорлық-оқытушылық құрам және университет қызметкерлері арасында құқық бұзушылықтың барлық түрлеріне ымырасыз қатынасты және заңды құрметтеу мәдениетін қалыптастыру, күнделікті өмірде адалдықты дамыту, сонымен қатар Академиялық адалдық кодексінің қағидаларын қатаң сақтауға ерекше назар аударуды ұсынды. Кеңінен қарағанда, сарапшылардың ұсыныстары жоғары білім беру жүйесінде «Заң және Тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған.