Болон процесі бақылау тобының 88-ші отырысы
2024 жылғы 19-20 ақпанда Брюссельде Бельгия мен Қасиетті Тақтың бірлескен төрағалығымен ұйымдастырылған Болон процесі бақылау тобының (BFUG) 88-ші отырысы өтті. Кездесуді Бельгияның Француз қоғамдастығының жоғары білім министрі Франсуаза Бертье және BFUG тең төрағалары Лисбет Хенс пен Каролин Холлела ашты. Іс-шараға Еуропа Кеңесі, ЮНЕСКО, EQAR, EURASHE, EUA, ENQA, ESU сияқты серіктес ұйымдар да қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі 2024 жылы Тиранада (Албания) жоспарланған Министрлер конференциясы мен Жаһандық саясат форумына дайындық бойынша Жол картасын қарау болды. Кездесуде қатысушылар қажетті мерзімдер мен әзірлеуді қажет ететін құжаттарды ескере отырып, алдағы екі жылға арналған жұмыс жоспарын келісті.
Жұмыс топтары алдағы министрлер отырысының күн тәртібінің жобасын, сондай-ақ іргелі құндылықтарға, әлеуметтік өлшемге, оқу мен оқытуға қатысты мәселелерді талқылады.
Кездесу барысында қатысушылар жаһандық саясат диалогы, жаңадан қосылған елдерде Болон процесін жүзеге асыру және Ұлттық біліктілік шеңберін әзірлеу сияқты мәселелер бойынша пікір алмасты.
Сондай-ақ BFUG халықаралық сарапшылары Болон процесін жүзеге асыруды реттейтін құжаттар бойынша жұмысын жалғастырды. Атап айтқанда, Еуропалық жоғары білім кеңістігінің (ЕЖБК) 2022-2024 жылдарға арналған іс жүргізу ережелеріне енгізілген өзгерістер талқыланды.
Отырысты жалғастыра отырып, қатысушылар тұрақты жұмыс істейтін хатшылық құру мәселесін талқылап, онда аталған бастаманы одан әрі жетілдіру бойынша ескертулер мен ұсыныстар айтылды.
Кездесуде Болон процесінің білім беруді дамыту және ЕЖБК жоғары білім сапасын арттыру құралы ретіндегі жаһандық маңызы расталды. Кездесу ой-тәжірибе алмасумен аяқталып, болашақтағы ынтымақтастық пен өңірдегі білім саласын дамытуға жемісті негіз болды.