Орталық Азия ректорларының конференциясы
Бүгін Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығының ұйымдастыруымен онлайн режимде «Орталық Азия жоғары білім кеңістігі жағдайында жоғары білім сапасын қамтамасыз ету жүйесін дамыту» атты Орталық Азия ректорларының конференциясы өтті.
Конференцияға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан министрліктерінің, жоғары оқу орындарының, аккредиттеу агенттіктерінің өкілдері қатысты.
Конференцияны ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова құттықтау сөзімен ашып, жаһандық турбуленттілік жағдайында білім беру, пікір және озық тәжірибемен алмасу, білім сапасын қамтамасыз ету бойынша ортақ тәсілдерді әзірлеудің маңыздылығын атап өтті.
Спикер ретінде Жоғары білім сапасын қамтамасыз етудің ұлттық жүйесін реинжиниринг арқылы Қазақстандағы жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру ғылыми бағдарламасының жетекшісі Айдос Мұқатаев, Шириншох Шотемур атындағы Тәжік аграрлық университетінің ректоры Усмон Махмадерзода, IAAR бас директоры Алина Жұмағұлова, Қырғызстанның «Билим-Стандарт» тәуелсіз аккредиттеу агенттігінің директоры Эрик Есентаев, ECAQA бас директоры Сәуле Сәрсенбаева, IQAA президенті Шолпан Қаланова, Худжанд мемлекеттік университетінің Халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Рухсор Давлатзода, сонымен қатар, Қазақстан студенттер альянсының төрағасы Ұлан Наукен сөз сөйледі.
Конференция барысында Орталық Азияның академиялық қоғамдастығының өкілдері аймақ елдерінің жоғары білім сапасын қамтамасыз ету бойынша көзқарастарын талқылады және ОАЖБК дамыту бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.
Қатысушылар аймақтағы жоғары білім сапасын қамтамасыз ету жүйесін дамытуға бағытталған қарар қабылдады.